2019 жылдың 17 қазанында сағат 9-00 Ақтөбе облысы Темір ауданының Алтықарасу ауылдық округінің әкімін сайлауы бойынша депутаттар-таңдаушылар отырысы өтті. 

Сайлау процесіне кандидаттардың сенім білдірген өкілдері, БАҚ өкілдері, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.

Алтықарасу ауылдық округі әкімінің сайлауына үміткер ретінде барлығы 2 үміткер тіркелді, олар:

1. Алишев Мақсот Жұмайұлы. Жоғары білімді, мамандығы мұғалім, Темір ауданы Алтықарасу мектеп-балабақшасының директоры, Темір ауданы Алтықарасу ауылының тұрғыны.

2. Мауениязов Есбол Бердімұратұлы. Жоғары білімді, мамандығы мұғалім, Темір ауданы Сартоғай орта мектебінің мұғалімі, Темір ауданы Шұбарқұдық кентінің тұрғыны.

Сайлау науқаны барысында және сайлау процесі кезінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңдардың барлық талаптары сақталды. 

2019 жылғы 17 қазанда аудандық мәслихаттың кезектен тыс қырық төртінші сессиясы болып өтті. Сессияны № 8-ші сайлау округінің депутаты Т. Оспанов жүргізіп отырды. Сессияға аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаев, мекеме кәсіпорын басшылары мен аудандық мәслихаттың он бір депутатының оны қатысты.

Сессияның күн тәртібіне үш мәселе енгізілді. Атап айтқанда, аудандық мәслихаттың 2018 жылғы 24 желтоқсанындағы № 303-ші «2019-2021 жылдарға арналған Темір аудандық бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 11 сәуірдегі № 15-ші «Темір ауданында әлеуметтік көмек көрсету мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін анықтау қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу, аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 178-ші «Темір ауданы бойынша сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару Қағидаларын бекіту туралы» шешімдеріне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы И. Ажмұратов аудандағы бюджет мәселесін айта келіп, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберіндегі ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарын дамытуға, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы қаржы мүмкіндіктері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан аудандық бюджетке келіп түсетін нысаналы трансферттерінің жағдайына тоқталды. Сессияда сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ж. Қойшыбаев бюджет қаражатын тиімді жұмсау, заң шеңберінде есептіліктің нақты жүзеге асырылуы мен заңсыздықтарға жол бермеу қажеттігін айтып өтті.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі аталған екі мәселе бойынша өз пікірлерін ортаға салып, дауыс берді.

Аудандық мәслихат хатшысы Б. Ізбасов, шешімдердің алдағы уақытта сапалы орындалу қажеттігі, бұған қатысты тұлғалардың жауапкершілігінің жоғары болу керектігіне тоқталып, барлық шешімдердің Ақтөбе облысының Әділет департаментіне тіркеуге жолданатынын жеткізіп, сессияны қорытындылады.